Жұмысқа орналаспақ болған түркістандық алаяққа алданып қалды
Түркістан полицейлері Атырау қаласындағы вахталық жұмысқа тұрғызып беремін деп тұрғындарды алдаған күдіктіні ұстады. Ол дәл осындай алаяқтықпен үш тұрғынды алдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан қаласында орын алған кезекті алаяқтық жайты ашылды. Яғни, Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданды. Оның айтуынша, танысы Атырау қаласындағы белгілі бір компанияға вахталық жұмысқа тұрғызып беретінін айтып, ол үшін 150 мың теңге қаражат алған. Алайда жәбірленуші күдіктіден бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысты да, не өз ақшасын да ала алмаған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Хабарлама бойынша Түркістан полицейлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні анықтап, Полиция басқармасына жеткізді. Тексеру барысында орта жастағы күдіктінің жәбірленушіге жалған ақпарат беріп, ақшаны өзіне алғаны белгілі болды. Сондай-ақ, күдікті дәл осындай алаяқтықпен үш тұрғынды алдап кеткен. Олардың әрқайсысынан 100 мың теңгеден алған.
Тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.