Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматылық полицейлер есірткі қойып кетушілерді анықтау жұмыстарын күшейтті

Алматылық полицейлер есірткі қойып кетушілерді анықтау жұмыстарын күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі күні жаһандық мәселелердің бірі – синтетикалық есірткі. Алматыда есірткі қылмысымен күресушілер есірткі заттарын дайындап, оларды жасырын орындарға қойып кету арқылы таратқан адамдарды анықтау бойынша жедел және арнайы іс-шаралар жүргізуде.

– Синтетикалық есірткілерді байланыссыз әдіспен, интернет арқылы, электронды төлемдерді пайдалана отырып тарату үрдісі сақталуда. Биыл қалада 28 ірі “қойып кетуші” ұсталды. Олардың арасында жоғары оқу орындарының бірінің 19 жастағы студенті де бар, оны ұстау кезінде одан “Меф 1,0*10”, “Меф 0,5*15” деген жазуы бар бума табылып, тәркіленді. Ішінде ұнтақты заты бар 25 полиэтилен түйіншегі болды. Өз кезегінде ұсталған азамат “қойып кетуші” болып жұмыс істейтінін түсіндірді. Тапсырманы онлайн режимінде қабылдаған. “Жұмыс берушінің” нұсқауы бойынша ол күніне орта есеппен 20-25 жерге есірткі жасырған. Жас жігіт жұмысының ақысын электронды түрде алған. Қазір айыпталушы қамауда отыр, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Жедел-іздестіру шараларымен қатар қоғамда нашақорлықтың алдын алу және есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері осы жылы еріктілермен бірге есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 4 752-ден астам граффити жазуын тапты және жойды.  Сонымен қатар, қазіргі уақытта есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды заңсыз жарнамалау (ҚР ҚК-нің 299-бабы 1-1-бөлігі) дерегі бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жыл басынан бері қалада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 340 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде оларды сатудың 77 дерегі бар. 218 келіге жуық есірткі заттары тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілген жоқ.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру