Талдықорғандағы тергеу изоляторында футболдан турнир өтті
Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза тапқан әділет прапорщигі Ербол Ержановтың құрметіне Алматы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД қарасты ЛА-155/16 мекемесі футболдан турнир өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза тапқан ЛА-155/16 мекемесінің қызметкері Ербол Ержановты еске алуға, сондай-ақ Қазақстан Конституция күнің мерекелеу күніне орай Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД қарасты ЛА-155/16 мекемесі Жетісу облысы бойынша Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен футболдан турнир өткізді.
Салтанатты шара бір минут үнсіздікпен басталды. Турнирге депаптамент және ведомстволық бағынысты мекемелер, сондай-ақ пробация қызметі және ҚАЖ ардагерлерінің командалары қатысты.
– Мұндай іс-шаралар көбінесе батырларды еске алуға арналады, сонымен қатар салауатты өмір салтын ынталандыру және ҚАЖ қызметкерлері арасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың жақсы үлгісі, – деп атап өтті Алматы облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.
Турнирде бірінші орынды ЛА-155/16 тергеу изоляторы, екінші орынды департамент және үшінші орынды ЛА-155/4 мекемесі иеленді.
Жеңімпаздарға грамоталар, медальдар және сыйлықтар табыс етілді.