Қарағанды облысының мектептерінде «Құқықтық жаппай оқыту» республикалық акциясы өтті
Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында «Құқықтық жаппай оқыту» республикалық акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрі М. Ахметжановтың тапсырмасы бойынша Қарағанды облысының ПД қызметкерлері өңірдің барлық орта білім беру мекемелерінде «Құқықтық жаппай оқыту» акциясын өткізді. Оның мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу.
Іс-шараға 136 полиция қызметкері қатысты. Бұл ішкі істер органдары бөлімшелері бастықтарының тергеу жөніндегі орынбасарлары, тергеу бөлімдері мен бөлімшелерінің бастықтары, анықтау бөлімдері мен бөлімшелерінің бастықтары, тергеушілер, анықтаушылар. Ал облыстың ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Ернат Қалиақпаров Қарағанды қаласының №3 гимназиясына барып, оқушылар алдында сөз сөйледі.
– Мектептерде полицейлер жасөспірімдерге есірткінің, әсіресе синтетикалық есірткінің зияны мен ауыр зардаптары туралы дәрістер оқыды. Сондай-ақ, қылмыстық жауапкершілік қай жастан басталатынын және қылмыс жасағаны үшін қандай жаза қолданылатынын айтты. Оқушылармен әңгіме барысында полицейлер балаларға қылмыстың құрбаны болмау жолдарын айтып, олардың құқықтарын түсіндірді. Сонымен қатар, полицейлер мектеп оқушыларын жасөспірімдер арасындағы суицид сияқты құбылыс туралы хабардар етті. Суицидке итермелейтін адамдар мен интернет-сайттардың ықпалына түспеу үшін ұсыныстар берілді. Акция барысында оқушылар өз сұрақтарын қойып, әрқайсысына жауап алды. Өскелең ұрпақтың құқықтық тәрбиесі құқықтық білім негіздерін кеңейтуге және нығайтуға, ұлдар мен қыздарды қоғамдық өмірге дайындауға және жасампаздық қызметке толыққанды қатысуға бағытталған, – деді Е.Қалиақпаров.