Шымкентте есірткі жеткізумен айналысқан 20 жастағы қыз екі жылға сотталды
Шымкентте есірткі жеткізумен айналысқан 20 жастағы қыз екі жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Абай аудандық сотында Түркістан облысының 20 жастағы тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Ол Шымкент аумағында аса ірі мөлшерде есірткіні сақтап, тасымалдағаны үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Аталған азаматша Telegram-да «курьер» ретінде жұмысқа тұрып, интернет-ботпен хат жазысқан. Ол заңмен тыйым салынған заттарды иемденіп, оны өзімен сақтап, тасымалдап, қала аумағындағы жасырын орындарға қалдырып жүрген.
Кезекті шығуы барысында ол полиция қызметкерлерімен ұсталып, оның өзінде болған жалпы 36 қара түсті изолентаға оралған есірткі тәркіленген. Сонымен қатар, ол жасырын орындарға тығып үлгірген жерлерден тағы екі қара түсті изолентаға оралған есірткі заттары алынған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі заты синтетикалық психотпропты мемкатинонның аналогы – мефедрон екендігі анықталып, жалпы салмағы 39,831 грамды құраған.
Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, өкінетінін жеткізген.
Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларын, жасаған қылмысының қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін, оның жеке басының деректерін ескере келе, сот жас қызға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қолдану қажет деп санап, оны уақытша қоғамнан оқшаулауға шешім қабылдаған.