Нұр-Сұлтанда полицейлер көпқабатты үйдің пәтерінде қараусыз қалған екі баланы құтқарды
Нұр-Сұлтанда полицейлер көпқабатты үйдің пәтерінде қараусыз қалған екі баланы құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға сағат 20:29 шамасында Молдағұлова көшесіндегі үй тұрғындарынан төртінші қабатта баланың ашық терезеден қарап тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына автопатрульдің құрамында болған полиция аға лейтенанттары Ринат Мұхамеджанов пен Таскен Сәкен дереу жетті.
Пәтер жабық болғандықтан, полицейлер үйдегі 5-қабаттың терезесі арқылы пәтерге кірді. Патрульдердің бірі өзін арқанмен байлап, терезеден түсті, екіншісі серіктесін сақтандырып тұрды. Пәтерде 3 және 1 жастағы екі бала болған.
Кәмелетке толмағандардың ата-анасымен балаларды қалдырып кетуге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.