Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жеңіске деген жігер мен табандылық: ІІМ құрамасы жекпе-жек бойынша турнирде топ жарды

Елорда төрінде “ASPAN” спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кубогіне арналған жекпе-жек бойынша республикалық турнир өтті. Сайысқа еліміздің құқық қорғау мен арнайы органдарының, күштік құрылымдарының қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Жарыста жеті құрама, яғни ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Қаржы мониторингі агенттігі, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің командаларынан 40-тан астам спортшы қатысты. Олар алты салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.

ІІМ-нің намысын қорғаған алты қызметкердің барлығы да финалдан көрініп, ведомствоның абыройын асқақтатты. 67 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Қостанай облысы Полиция департаментінің Жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Аманбек Жаманқараев алтыннан алқа тақты.

“Негізі бұл жарыстың алдында біз іріктеуден өткенбіз 11-13 тамыз аралығында Атырауда. Сонда жеңімпаз атанып, кейін осы құраманы құрдық. Сайыс өте керемет. Мықты жігіттер қатысты. Барлығы жақсы дайындалған. Үш кездесу өткіздім. Оның бәрінде жеңіп, бірінші орынға ие болдым”, – деді Аманбек.

Сондай-ақ 80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ақтөбелік аға инспектор Айдын Төлепбаев ақтық сындағы қарсыласы – Мемлекеттік күзет қызметі өкілін – 51 секундта құлатып, техникалық нокаутпен жеңді.

“Осы турнир бірінші рет ұйымдастырылып жатыр. Жарыс өте жоғары деңгейде болды. Жекпе-жектерімді айта кетсем, үш кездесу өткіздім. Қарсыластарым осал емес, бәрі мықты”, – деді құраманың ең титулды спортшысы.

Одан бөлек 88 келі салмақ дәрежесінде Рахматулла Сатыбалдиев жоғарыда аталған әріптестерінің жолын қуып, бірінші тұғырдан көрініп, чемпиондық белбеу тақты. Ол – Ақмола облысы Полиция департаментінің ЖҚАЖ инспекторы.

Сонымен қатар тағы үш қызметкеріміз екінші орынды иеленді.

“100 келі салмақ дәрежесінде (+97) төбелестім. Салмағым 90 келі. “Недовес” болғандықтан ба, екінші орын иелендім. Жанкүйерлерге рақмет. Жарыс жоғары дәрежеде өтті. ІІМ құрамасының сапына Жамбыл облысының намысын қорғап келдім”, – деп атап өтті Мейрамбек Алматов.

Жеңімпаздарға сый-сыяпаттары мен тиісті жүлделерін күштік құрылымдардың басшылары табыстады.

Турнирге бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев пен күміс жүлдегері Василий Левит арнайы қонақ болды.

Қарағандылық бокс мектебінің түлегі ІІМ қызметкерлерінің спорттық дайындығын жоғары бағалады.

“Бүгінгі жекпе-жек бойынша турнирдің ақтық сынында әрбір салмақ дәрежесінде Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері өнер көрсеткенін байқадым. Бұл ІІМ-де спортшылардың дайындығы тиісті деңгейде екенін көрсетеді. Құрылымның өзі азаматтарды қорғауға, кез келген оқыс жағдайға дайын болуға бағытталған ғой. Мен осы ведомствоның қызметкерлерін жоғары нәтижелерімен құттықтаймын. Жаңа чемпиондардың тууына тілектеспін”, – деді Серік Сәпиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру