Қырғызстанда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы өтті
8 қыркүйек күні Чолпон-Атада (Қырғыз Республикасы) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің 49-шы отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан атынан Марат Ахметжанов бастаған ІІМ делегациясы барды.
Іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Iшкі істер министрліктерінің, Армения полициясының, ТМД Атқарушы комитетінің, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағында Ұйымдасқан қылмыспен және қылмыстың өзге де қауіпті түрлерімен қарсы күресті үйлестіру Бюросының және ТМД Антитеррористік орталығының делегациялары қатысты.
Қылмыспен күрестің өзекті мәселелері қаралды.
Талқылау нәтижелері бойынша ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесіне, киберқылмыстарға, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылда, сондай-ақ адамдарды мемлекетаралық іздестіру саласында ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау бойынша шешім қабылданды.
Бұдан басқа Қазақстан ІІМ-інің бастамасымен интернеттегі алаяқтықты ашуда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Ішкі істер министрліктерінің өзара іс-қимылын жандандыру жөніндегі шаралар кешені әзірленді.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ІІМ-нің жаңа кезеңге арналған ынтымақтастығының негізгі қағидаттарын, міндеттерін, бағыттарын және өзара іс-қимылының нысандарын айқындайтын қылмысқа қарсы күрестің бірлескен шараларының 2024-2028 жылдарға арналған мемлекетаралық бағдарламасы мақұлданды.
Ішкі істер министрлерінің кездесуі достық атмосферада өтті.