СҚО полицейлері шетелдіктерді заңсыз жұмысқа орналастырудың 12 фактісін анықтады
СҚО полицейлері екі күнде шетелдіктерді заңсыз жұмысқа орналастырудың 12 фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12-14 қыркүйек аралығында СҚО полицейлері жалдамалы пәтерлер мен базарларды, құрылыс алаңдарын, шаруа және фермерлік қожалықтарды, шетелдіктердің басқа да болуы мүмкін жерлерін тексеруде. Облыста «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Жұмыстың негізгі бағыты – шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзуының алдын алу. Әрбір тексерілушіге өзінің құқықтық мәртебесін уақтылы реттеу, Қазақстан Республикасында болу мерзімдері мен ережелері туралы заң талаптарының бұзылуына жол бермеу қажеттігі туралы еске салынады. Іс-шара барысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартудың бірқатар фактілері анықталды. Мысалы, ЖШС иелерінің құрылыс жұмыстарына Өзбекстан азаматтарын тарту фактілері анықталды. Жұмысшыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша материалдар жинақталды. Жұмыс берушілер ҚР ӘҚБтК 519-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатын болады. Полицейлер ескерткендай, заңды тұлғалар ЕАЭО кіретін мемлекеттердің азаматтарын ғана жұмысқа қабылдай алады. Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан сияқты елдердің тұрғындары тек жеке тұлғаларға ғана жұмысқа орналасуға құқылы.
– Жедел-профилактикалық іс-шара аясында шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 2 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. ҚР-да болу ережелерін бұзғаны үшін барлығы 71 шетел азаматы тартылды. Сондай-ақ, көші-қон қызметінің қызметкерлерін шетелдіктердің болуы туралы уақтылы хабардар етпеген 51 солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұны 3 жұмыс күні ішінде жасау керек. Басқа мемлекеттердің 6 азаматы ҚР көші-қон заңнамасын жүйелі түрде бұзғаны үшін Қазақстан аумағынан шығарылды. Облыс тұрғындары мен Қазақстан Республикасының қонақтарына көші-қон заңнамасының талаптарын білу және оларды қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертеміз, – дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Нұсұрбаев.