Жас ұрпақ тәрбиесі – баршаға ортақ міндет
Ювеналды полицияның басты міндеттерінің бірі – балалардың, жасөспірімдердің құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қайта тәртіп бұзушылыққа жол бермеу, сондай-ақ профилактикалық шараларды жүргізу. Осы міндеттердің қалай атқарылатынына қанық болу үшін Polisia.kz сайтының тілшісі ІІМ ұйымдастырып отырған «Погонды журналист» жобасы аясында Астана қаласы Алматы ауданы бойынша Полиция басқармасында қонақ болды. Олай болса, жұлдызды погон таққан журналист Алматы ауданының ювеналды полициясында қалай қызмет еткенін осы мақалада баяндап берсін.
Таңғы саптан кейін уақыт созбай бірден тапсырмаға кірістім. Асылында, Алматы ауданының Полиция басқармасы ЖПҚБ ЮПБ учаскелік полиция инспекторы Азамат Наурызбаевпен бірге кірістік. Мақсатымыз – оқушылармен, студенттермен кездесу, сондай-ақ жастардың заң бұзушылығының алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны бәрімізге мәлім. Бүлдіршіндер мен жеткіншектердің жолдағы қауіпсіздігі полиция қызметкерлерінің назарында. Сондықтан жолдағы ережелерді түсіндіру тәртіп сақшыларының жоспарынан түскен емес.
Ең бірінші нысанамыз – Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі. Онда бастауыш сынып оқушыларымен Жол қозғалысы ережесін пысықтамақпыз. Діттеген білім ордасына жетеміз дегенше, спикерден қызметі жайлы сұрақтарыма жауап алып үлгердім.
Ішкі істер органдарында қай уақыттан бері қызмет етесіз?
– Мен 2009 жылдан бері ІІО-да қызмет етіп келемін. Соңғы үш жылдағы қызметім тікелей жасөспірімдермен, ата-аналармен байланысты. Ювеналды полицияда асқан жауапкершілік пен төзім керек. Біздің басты мақсатымыз – бүлдіршіндеріміздің, жасөспірімдеріміздің қауіпсіздігін қорғау. Жасөспірімдерге, олардың заңды өкілдеріне тәртіпке бағыну керек екенін үнемі айтып отырамыз. Одан жалықпаймыз, шаршамаймыз. Бұл біз үшін қызметтегі тек міндет, мақсат емес, біз үшін адамдық парызымыз деп білемін. Өйткені жастар – елдің ертеңі, – дейді Азамат Наурызбаев
Ювеналды полицияның ішкі істер органдарындарының басқа қызмет түрлерінен айырмашылығы бар ма?
– Біздің қызмет, жұмыс әлдеқайда күрделі, ауқымды. Өзіндік қиын тұстары да кездеседі, сондай-ақ балалармен ерекше қарым-қатынас та орнайды. Сан түрлі мінезді жасөспірімдерге тәртіпке бағынуды қаталдықпен үйреткенді жөн санамаймын. Кәсіби біліктілікпен қоса, оларға деген сыйластықты баланста ұстау арқылы жұмыс жасаған әлдеқайда дұрыс шешім деп білемін. Жеке ойым, бұл айырмашылық емес, қызметтің өзіне тән ерекшелегі дер едім, – дейді ол.
Өзінің кәсіби міндетін атқара отырып, балаларға шын көңілден жанашырлық таныту – Азамат Алпысбайұлына тән қасиет екенін кішкентай ғана оқушылармен кездескен сәтте бірден байқадым. Ол балалармен жылы шырайда сәлемдесіп, олардың болашағы, амандығы ювеналды полицейлердің басты міндеті екенін атап өтті.
Сонымен тәжірибелі полиция капитанымен бірге бастауыш сынып оқушыларына жолда жүріп-тұру сабағын өттік. Бағдаршамның әр түсіне ерекше тоқталып, жолдан қалай өту керек екенін тағы да еске салдық. Бұл күні сабақты тек теория жүзінде өтумен шектелмедік. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолынан өту кезінде нені ескеру керектігін практика жүзінде тағы бір пысықтадық.
Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, балалардың болашағы, қауіпсіздігі үшін жол ережесіне қатысты сабақтарды үзбей өту қажет.
Шын мәнінде, балаларды қолыма алған сәтте ювеналды полицияның жауапкершілігі ата-анадан кем емес екенін бірден түсіндім. Жол – адам таңдамайды. Кәрі демейді, жас демейді, бала демейді. Арайлап атқан таң, яки кеш деп уақытқа қарамайды. Қай кезде қандай көңілде болсаң да жолда абай болу – өзіңнің де өзгенің де өміріне қауіп төндірмейді. Осы сәтте темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілер де екі есе сақтықта болса екен деймін. Себебі – адам өмірдің мәні. Әрбір адамның қауіпсіздігі өзіңнің өміріндей қымбат болу шарт.
Баланың қауіпсізді дегенде шексіз мақала жазуға болады. Бірақ жаза бергеннен гөрі, қауіпсіздікті іспен сақтасақ, анағұрлым көңілге жай болары сөзсіз. Сол сияқты жасөспірімдеріміздің де қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек ету керек. Себебі жасөспірім шақ – құбылмалы кезең. Бұл – ең тынымсыз, олар үшін қиын, қызба жас. Жеткіншектің жеке басы дамуының аса маңызды факторы – оның өзінің ауқымды әлеуметтік белсенділігі, ол белгілі бір үлгілер мен игіліктерді игеруге, үлкендермен, жолдастарымен қарым-қатынас орнатуға бағытталады. Міне осы шақтарда бала үшін дұрыс дүние – қоғам алдында дұрыс болмауы мүмкін. Осы кезеңде жеткіншектер қателік жасауға бейім келеді немесе үлкендердің талап қоюы, ақыл айтуы олар үшін орынсыз болып көрінеді. Спикердің айтуынша, осындай өтпелі кезеңде олармен өте тиімді әдіспен жұмыс жасау керек.
Қоғамды практикаға алатын болсақ, тіпті ата-ананың өзі баламен байланыста қателіктер жіберіп жатады. Бас-көз боламын деп шектен шығып жататын сәттері де кездеседі. Осындайда ювеналды полиция қызметкерлерінің олармен жұмыс жасауы – тәртіп бұзушылықтың, түзу жолдан таюдың алдын алады. Неге? Себебі бала өз жақындарын күнде көріп, олардың сөздерін күнде естіп жүргендіктен олардың жол көрсетуінен басқа маманның сөзі әлдеқайда салмақты болып көрінеді. Бұл тұрғыдан алғанда полиция қызметкерлерінің профилактикалық түсіндірулері, рейдтік шаралары өз мақсаттарына жетеді.
Сонымен бір күнде форма киіп, өзімді ІІО қызметкері сезініп, тәжірибелі полицей Азамат Наурызбаевпен Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжінің бірінші курс студенттерімен кездесуге бардым. Жасөспірімдермен ашық сөйлесіп, ой алмастық. Сондай-ақ бұл кездесуге білім ордасының директоры Жансерік Саттар қатысып, жеткіншектерге ақыл-кеңесін айтты.
– Құрметті студенттер! Елдің білімді жастары! Сіздер болашақ ұстазсыздар. Сіздер тәртіпті, білімді болсаңыздар, сіздердің алдарыңыздан шығатын ұрпақ та сіздер жүрген жолмен жүреді. Мемлекет оқимын деген жастардың бәріне жағдай жасап отыр. Сол үшін әрдайын жүрген жүрісімізге, сөйлегенімізге абай болуымыз керек. Айыппұл арқаламайтындай тәртіп сақтауымыз керек. Бірақ мен студенттерімнің заң бұзбайтынына сенемін! Үлгілі студенттер болыңыздар. Сол үшін жұмыстар жасаймыз, – деді білім ордасының басшысы Жансерік Саттар.
Сонымен полиция капитаны Азамат өзін студенттерге таныстырып, жасөспірімдер арасында орын алатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында ашық сұқбат жүргізді. Яғни, тәртіп бұзған жағдайда жазасы қандай болатынын, қанша айыппұл арқалайтынын түсіндіріп берді. Кез-келген сұрақтарына жауап беріп, көмек қолын созуға әбден дайын екенін айтып, оларға ашықтық танытты.
Жалпы, бұл кездесудің мақсаты – студенттердің құқықтық сауатын арттырып, құқық бұзушылық және қылмыс белгілерімен, түрлерімен таныстыру, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерімен таныстыру. Құқық бұзушылықтың жазасы қандай болатынын ескерту. Қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп, оны құрметтеуге тәрбиелеу.
– Осындай шаралардың арқасында тәртіп бұзбауға тырысамыз. Өз құқығымызды қорғай аламыз. Полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Мұның бәрі өзіміздің болашағымыз үшін керек, – деп ойын білдірді бірінші курс студенті.
Осы кездесуден көп мәлімет алғандарын айтқан студенттер осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұруды, сондай-ақ пайдасы көп екенін айтты. Өйткені заңды білу – заман талабы.
Ювеналды полиция қызметкерлері күндіз де түнде де өз міндеттерін қалтқысыз орындайды. Олардың мақсаты – жасөспірімдерді жазалау емес. Жазаланудың алдын алу. Алайда ата-ананың, мұғалімнің, тәртіп сақшыларының сөзіне бағынбайтын жастар да кездеседі. Мәселен, спикермен белгіленген аумақты тексеру барысында құқық бұзушылыққа жол берген екі кәмелетке толмаған жасөспірімді тоқтатып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлімі бойынша және 442-бабы 2-бөлімі бойынша хаттама толтырылды. Оларға құқық бұзушылықтың арты неге әкеп соғатынын түсіндірді. Жасөспірімдер де өз қателерін түсініп, енді тәртіп бұзбауға уәде етті.
Азамат Наурызбаевтың айтуынша, түнгі уақытта тәртіп бұзатын кәмелетке толмаған жастар көптеп кездеседі екен. Себебі түнгі 22:00-ден кейін көше кезіп жүретін жасөспірімдер баршылық. Яғни, көңіл көтеретін орындарда, ойынханаларда, үйлерінен тыс басқа да аумақтарда жүреді. Мұндай жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша шара көріледі.
Осы орайда айта кетсек, елорда бойынша жыл басынан бері 125 жасөспірім профилактикалық есепке алынған. Оның 46-сы Алматы ауданы бойынша ПБ-ға тіркелген екен. Спикердің айтуынша, есепке алынған жастар аудан полициясынның ұдайы назарында. Олармен жиі байланыста болады.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген бар. Жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыру – жарқын болашақтың кепілі. Елдің ертеңі ел алдында адал еңбек ету үшін – бүгін ел полициясы олардың жарқын болашағы үшін тік тұрып қызмет етіп келеді.
Суреттерді түсірген Медет Әшірбеков.