Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тергеуші әрі тәжірибелі, әрі тегеурінді болуы керек: жас мамандарға шеберлік сағаты өткізілді

Елордада Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің ұйымдастыруымен “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының Теміржол көлігі қызметкерлерін бағалау және дамыту орталығында жас тергеушілердің, сондай-ақ 4-ші курс студенттерінің қатысуымен арнайы шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Үлкен жиынға қызметкерлер еліміздің әр аймағынан жиналды. Ал қатысушы-студенттер – Астанадағы жоғары оқу орындарының заң саласы бойынша білім алатын жастары, яғни болашақ тергеушілер.

Ведомство басшысы Марат Ахметжанов полиция жұмысының осы бағытын толықтай меңгеруді қалаған жастармен кездесті. Өз тәжірибесімен бөлісіп, жұмыс барысында неге назар аудару керектігін түсіндірді. Еліміздің бас полицейі мұндай жиындардың маңызы зор деп есептейді.

“Бүгін, міне, жас әріптестерімізді, тергеушілерді республика көлемінде жинап, осындай семинар өткізіп жатырмыз. Тергеушінің жұмысы өте маңызды. Енді ол қалай осы дәлелдерді жинайды, айғақтарды жинайды, қалай тергеу амалдарын өткізеді, бәрі маңызды. Қылмыс жасаған адам жауапкершіліктен жалтарып кетпеуіне, кінәсіз адам қылмысқа тартылмауына мән беруі тиіс. Ең біріншіден, Жаңа Қазақстанның белгісі әділеттілік пен заңдылық болуы керек қой. Тергеушінің де ең үлкен бір міндеті – таза, заңды, әділетті шешім қабылдау”, – деді министр.

Арнайы дайындалған локацияларда қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, жол апаты, кісі өлтіру, зорлау сияқты фактілерді жеке-жеке қарастырды. Білікті мамандар тәжірибелерімен бөлісіп, оқиға орнына бірінші болып жететін тергеуші, анықтаушы мен криминалист қандай қателіктерді болдырмау керектігін үйретті.

“Тергеушілерге ең бірінші кезекте оқиға орнын қалай дұрыс қарау керек, заттар мен айғақты іздерді қалай дұрыс алу керек, қалай табу керек, оларды буып-түюді практика жүзінде осы жерде көрсетіп жатырмыз. Бұл оқу-жаттығуының маңыздылығы да осы”, – деп атап өтті Астана қаласы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Нұрсұлтан Қансейітов.

Дуалды оқыту жүйесі аясында тергеу саласының қыр-сырын зерделеп жатқан студенттердің де оқу-жаттығу жиынынан алары көп болды. Айта кету керек, министрліктің Тергеу департаменті еліміздің жетекші оқу орындарымен үнемі байланыста және тұрақты негізде танымдық шаралар өткізіп тұрады.

“Бізге тәжірибе жүзінде адам өлтіру фактісін талдауды көрсетті. Оқиға орнында ең алдымен адамды зерттеу керек екенін түсіндірді. Келесі маңызды зат – ол қан немесе өлтіру құралдары екенін білдік. Яғни, осы айғақтар істі ашуға көмектеседі”, – деді Тұран-Астана университетінің студенті Ботагөз Серікболқызы.

Полигондағы шеберлік сағатынан бөлек, ІІМ өкілдеріне темір жол орталығының мамандары арнайы экскурсия өткізді. Пойыздардың ерешеліктері айтылып, олардың қатысуымен болатын апаттарға, сондай-ақ түрлі жағдайларға мән берілді.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, басқа да өңірлерде өткізілетін болады.

“Аталмыш іс-шара азаматтардың құқықтарын сақтай отырып, тергеушілерге алғашқы тергеу амалдарын, алғашқы тергеу әрекеттерін жүргізуді үйретіп, яғни тергеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын”, – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру