Қызылорда облысының полицейлері тұрғынның көлігінен 40 келіден астам есірткі тапты
Қызылорда облысында «Қарасора – 2022» іс-шарасы барысында патрульдік полиция қызметкерлері 40 келіден астам есірткі тасымалдаған екі тұрғынды құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
«Қарасора – 2022» іс-шарасы барысында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы тұсында Шымкент – Самара тас жолының 1-шақырымында жол ережесін бұзған Toyota Camry автокөлігі Қызылорда облысы ПД-ның патрульдік полиция рота қызметкерлерімен тоқтатылды.
Тексеру барысында көліктен 10 қапқа салынған жасыл түсті зат анықталып, айғақ зат ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған өсімдік зат 42 келі 682 грамм кептірілген марихуана екендігі нақтыланды. Автокөлікті тізгіндеген 45 жастағы жүргізуші және 32 жастағы жолаушысы Қызылорда облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер УҰИ-ға қамалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.