Мақтааралда өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен күдікті анықталды
Мақтааралда өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адам өз арызында тұрғын үйінің алдында тұрған Audi-100 көлігін белгісіз біреулер рұқсатсыз айдап кеткені бойынша шағымданды.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті. Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылар оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастады. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін қажетті барлық шаралар атқарылды. Полицейлер тәулік ішінде жәбірленушінің көлігі тұрған орынды және күдіктінің жеке басын анықтады.
Яғни, жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесінде ұрланған көлік егістік алқаптан табылды. Қазіргі таңда күдікті деп танылған жас жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Анықталғандай, күдікті түнгі уақытта көшеде кілттенбеген көлікті байқап, діттеген жеріне жету үшін айдап кеткен. Біраз уақыт өткенде автокөліктен кінәрат шығып, егістік алқапта қалдырып кеткен. Көлік иесіне қайтарылды. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.