Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Қазақстан» шипажайында Мақан Есболатов атындағы кітапхана ашылды

«Қазақстан» шипажайында Мақан Есболатов атындағы кітапхана ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Кітапхананың ашылу салтанаты ресми түрде өтті. Оған ардагерлер, Генералдар кеңесінің өкілдері, Алматы қаласы ПД-ның басшылығы, ҚР ІІМ Алматы академиясы және «Қазақстан» шипажайы АҚ өкілдері қатысты. Іс-шара бастамашыларының айтуынша, ІІО-да 45 жыл қызмет еткен Мақан Есболатовтың өмірбаяны және еңбек өтілімен танысу кітапхананың басты міндеті. Ол КСРО ІІМ Алматы арнаулы милиция орта мектебінің курсантынан Ішкі істер министріне дейінгі жолды жүріп өтті.

– Мақан Есболатов – Алматы полициясынан шыққан төрт Ішкі істер министрінің бірі. Ол біздің департаментті басқарды. Бүгін құрметті ардагерлер, сіздердің қолдауларыңызбен «Қазақстан» шипажайында кітапхана ашылды. Сіздерге көп рахмет. Бұл өскелең ұрпаққа қалдырған үлкен мұра және отансүйгіштікке, рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің тамаша үлгісі, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Салтанатты шараға қатысқан генералдар, ардагерлер мен қонақтар да құр алақан келген жоқ: әрқайсысы кітапхана қорына қомақты үлес қосып, бірегей кітаптарды сыйға тартты.»Қазақстан» шипажайы АҚ төрағасы Бексұлтан Сәрсековтың айтуынша, кітапхана, Қазақстан жастарының әлеуетін дамытуға бағытталған мемлекеттік жастар саясатының стратегиясын ескереді.

– Бұл – тарихқа деген қызығушылықты қалыптастыру, білімді насихаттау, оның ішінде өзін-өзі тәрбиелеу, мәдени-рухани-адамгершілікті дамыту, зияткерлік бос уақыттың әртүрлі түрлерімен таныстыру. Кітап оқу арқылы біз жан-жақты дамыған, білімді, ақпараттық кеңістікте еркін жүретін, әлеуметтік белсенді тұлғаны қалыптастыруға үлес қосамыз, – деді Бексұлтан Сәрсеков.

 Мақан Есболатов 1928 жылы 27 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. 1973-1980 жылдар аралығында республиканың Ішкі істер министрлігін басқарды және осы жұмыс кезеңінде М. Есболатов бірқатар ірі ұйымдастырушылық шешімдер қабылдады. Дәл сол кезде облыстардың ІІБ-да штабтар, профилактикалық қызметтер мен кезекші бөлімдер, қалалар мен аудандарда ІІМ-нің бөлімшелері құрылды.

М. Есболатов соңғы жылдары ҚР Ішкі істер органдары мен ішкі әскерлері ардагерлері кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарып, ардагерлерді әлеуметтік қолдауға және ардагерлер ұйымдарының жастарға білім беру мен тәрбиелеу ісіне белсене араласуына зор үлес қосты. Мақан Есболатов 2007 жылы 20 қаңтарда қайтыс болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру