Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҰҚТ техникалық байқаудан өту туралы 350 мың жалған талон сатқан

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкіметтің жол қауіпсіздігі мәселесі жөніндегі отырысы кезінде ЖКО-ның негізгі себептерінің бірі елімізде автопарктердің өсуі және автоның техникалық жай-күйіне тиісті бақылаудың жоқтығы екенін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Министр 2019 жылдан бастап автокөлік саны 3,9 млн-нан 5 млн-ға дейін өскенін айтты. Оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де бар (300 мың бірлік).

– Бұл ретте, автопарк ескіріп жатыр. Еліміздегі 50%-дан астам көліктердің пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Яғни, тозығы жеткен. Бұған қоса, авто-көліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жүргізілмейді. Техникалық байқау орталықтарын ашуға қойылатын талаптар төмендетіліп, бұл көлікті техникалық байқаудан жалған өткізіп, талондар беру практикасына әкеп соқтырды, – деді Ахметжанов.

Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай 350 мың жалған құжат жасап, 600 млн теңге заңсыз табыс тапқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады.

– Соңғы 4 жылда техникалық жайдайға байланысты байқаудан өтпей қалған көліктердің саны екі есеге азайған (2018 жылы – 6,3%, 2021 жылы – 3%). Бұл, әрине, үлкен күмән тудырады, – деді министр.

Көліктердің техникалық регламент талаптарына сай келмеуіне байланысты 106 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, техникалық байқаудан өтпеген 80 мың жүргізушіге айыппұл салынған.

– Кезінде бұл функция кәсіпкерлік саласына берілген болатын. Бірақ процедураны жеңілдетеміз деп, көптеген теріс салдарға жол бердік. Осыған байланысты Индустрия министрлігіне автокөлікті жалған тексеру фактілері үшін техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынынамыз, – деді спикер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру