Қызылордада сотталғандар заңды некеге тұрды
Қызылордада сотталғандар заңды некеге тұрды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қылмыстық атқару саласына қарасты Қызылорда облысындағы № 68 мемлекеттік мекемесінде жыл басыннан бері жеті сотталған өз сүйіктілерімен заңды некеге тұрды
Сондай жұптардың бірі – 1993 жылғы Қызылорда қаласының тумасы Ермек. Ол өзінен екі жас кіші Айгүл есімді сүйіктісімен некелесті. Екеуі де ҚР ҚК-нің 191-бабы бойынша кінәлі деп танылып, осы мекемеде қамауда отыр. Ермектің айтуынша, екеуі бостандықта жүргенде танысқан.
– Біздің таныстығымымыз бұдан бір жыл бұрын жаз айында басталған. Мен сол күні жұмыстан шаршап келе жатып, саябақ алаңындағы орындықтың бірінде демалып отырдым. Маған қарама-қарсы орындықта, көрікті қыз жайғасыпты. Жүзі жылы ару бірден ұнады. Жігіт болған соң алдымен өзім барып таныстым. Сөзіміз жарасып, бірден тіл табысып кеттік. Міне, сол уақыттан бері біргеміз. Ойланбай жасаған қадамымыздың кесірінен енді бүгінде қамауда отырмыз. Оңай олжа – орға жықты. Өкінгенмен пайда жоқ. Одан да қарым-қатынасымызды заңдастыруды жөн көрдік. Заңды некеге тұрып, неке куәлігін алу махабатымызды нығайта түсті.
– Сотталғандардың заңды некеге тұруы – олардың психикасына жақсы әсер етіп, көңіл- күйлерін көтеріп, мінез-құлқын өзгертеді. Жазасын өтеуші сотталғанға тек заңды некедегі әйеліне ғана ұзақ мерзімді кездесуге кіруге рұқсат берілген. Сол себепті сотталғандар тарапынан өтініш келіп түскенде, бірден құжаттарын дайындап, АХАЖ бөліміне жіберіп отырамыз. Бүгін екі жас қолдарына неке куәлігін алды. Бұл кішкентай құжаттың олар үшін маңызы зор. Өйткені неке олардың одағын берік етіп, бостандыққа шығуға деген үмітін арттырады, – дейді мекеме заңгері Асқар Мұратбек.