СҚО-да учаскелік инспектор КамАЗ жүргізушісінен мылтық алды
СҚО-да учаскелік инспектор КамАЗ жүргізушісінен мылтық алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданында учаскелік полиция инспекторы «Учаске» және «Астық» жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде егіс алқабында тексерісті жүзеге асырған. Тексеріс барысында КамАЗ автокөліктерінің бірінен 16 колибрлі тегіс ұңғылы «ИЖ-17» мылтығын және 9 патрон анықтап, алды. Жүк көлігі жүргізушісі, 24 жасар жергілікті тұрғынның сөзінше, қару мен оқ-дәрілерді 4 күн бұрын егіс даласынан тапқан, олжасы жайлы полицияға хабарлап үлгермеген.
Айта кететіні, ол аңшы және тіркелген қару иесі болып табылатындықтан, заңсыз қаруды сақтау және оны тасымалдаудың жауапкершілігі жайында жақсы білген.
Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабымен материал жиналды. Алынған мылтық сараптамаға жіберілді.
– Заң талаптарына немқұрайлы қараған жас жігіттің 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу жазасына тартылуы мүмкін. Жыл басынан облыс тұрғындарынан тіркелмеген қарудың 83 бірлігі алынды, оның 78-і тегіс ұңғылы, 3-і иір ойық және 2-і газ қаруы. Тұрғындарға заңсыз сақтауындағы қаруын тапсыруға кеңес береміз. Естеріңізде болсын: заңсыз сақтаудағы қару қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы, ұрлануы не қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Заңсыз сақтауындағы қаруды өз еркімен тапсыру – әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен құтқарады, – деп нақтылады СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.