Ақмола полицейлері үй-жайға кіріп жасалған ұрлықтың бетін ашты
Ақмола полицейлері үй-жайға кіріп жасалған ұрлықтың бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қазанда Қосшы қаласының полиция бөліміне елорданың 41 жастағы тұрғыны арызданды. Оның айтуынша, 5-7 қазан аралығында белгісіз біреу қаладағы контейнерден аспалы құлыпты зақымдап, шамамен бір жарым млн теңгеге құрылыс құралдарын ұрлап кеткен. Қаскөйдің олжасы дәнекерлеу аппараты, екі болгарка, перфоратор, бұрағыш, ұзартқыш болды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол елорданың бұрын сотталған 42 жастағы тұрғыны болып шықты.
Күдіктінің сөзінше, ол Қосшы қаласына бағыттас көліктермен келіп, «пайда көзін» іздеген. Жартылай қоршалған жер учаскесінің аумағында жабық контейнерді көрген ол трубаның көмегімен құлыпты сындырып, ішіндегі құралдарды алып кеткен. Ұрланған құралдардың бір бөлігін ол сатып жіберген.
Қосшы қаласы полиция бөлімінің тергеушілері ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.