Алматыда пробация бақылауынан жасырынған сотталған бас бостандығынан айырылды
Алматыда пробация бақылауынан жасырынған сотталған бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында 3 мыңға жуық сотталған пробациялық бақылауға алынған. Республика бойынша өткізіліп жатқан «Учаске» алдын алу іс-шарасы барысында пробация бақылауындағы сотталғандарды тұрғылықты жері бойынша жаппай тексеру жүзеге асырылуда.
– Тексеріс барысында Бостандық аудандық пробация қызметінің инспекторлары Бостандық аудандық полиция басқармасы ЖПҚ учаскелік инспекторы Д. Қуандықпен бірге Б. есімді сотталғанның жасырынып жүрген жерін анықтады. Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №2 соттың қаулысымен оның бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығын айыру жазасына ауыстырылды, – деп хабарлайды Алматы қаласы Бостандық ауданы пробация қызметінің инспекторы А.Айкенова.
Сотталған Б. ұрлық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын. Пробациялық бақылау тәртібіне бағынбаған қашқын енді жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады.