Жол ережесін бірнеше рет бұзған мас павлодарлық 30 күнге қамалды
Жол ережесін бірнеше рет бұзған мас павлодарлық 30 күнге қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сағат 11:00 шамасында Павлодар қаласы Жаяу-Мұса-Парковая көшелерінің қиылысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бағдаршамның қызыл тыйым салу белгісіне өткен Lexus автокөлігін тоқтатты. Полицияның көлікті тоқтату туралы талабын жүргізуші елемей, әрі қарай жүре берді.
– Академик Шөкин-Катаев көшелерінің қиылысында полиция көлікті ұстады. Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Ер адам медициналық куәландыруға жеткізілді, онда тест нәтижесі “орташа дәрежелі” алкогольдік масаңдығын анықтады, – деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Алтынбек Медияров.
Нәтижесінде жүргізушіге қатысты бірнеше әкімшілік материалдар жасалды: бағдаршамның тыйым салу сигналына жүргені, полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны және көлік құралын басқаруға құқығы жоқ мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін. Барлық құқық бұзушылықтар үшін жүргізушіге 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, сот оны 30 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алуды тағайындады.
Тәртіп бұзушы полицейлермен әңгімесінде мас күйінде болуына және жолдағы мінез-құлқына әйелімен қатты жанжалдасуы себеп болғанын мойындады.