Түркістан облысында мейрамханадан телефон ұрлаған әйел анықталды
Түркістан облысында мейрамханадан телефон ұрлаған әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сайрам АПБ-ға мейрамхана даяшысы өзінің телефонының ұрланғанын жеткізген. Жәбірленушінің айтуынша, аудан орталығындағы мейрамхана үстелінен Redmi телефонын белгісіз біреулер алып кеткен.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.
Бұл ұрлық қылмысын ашу мақсатында полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асыру үшін ақпарат көздеріне сүйенді. Соның нәтижесінде егде жастағы әйел анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай, күдікті әйел мейрамханаға қонақ ретінде келген. Содан қараусыз тұрған телефонды жымқырған. Айғақты зат ретінде телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.