Шымкенттік тұрғын көлігіне дөңгелек аламын деп алаяққа алданып қалды
Шымкенттік тұрғын көлігіне дөңгелек аламын деп алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz
ОLX қосымшасы арқылы автокөліктің төрт дөңгелегін сатылымға қойып, алушының қаржысын алдын ала аудартып алып, бой тасалаған. Оқиға Шымкентте 5 қазанда орын алған.
Абай АПБ-ның кезекші бөліміне 21 жастағы қала тұрғыны арызданды. Ол арызында бейтаныс азамат ОLX қосымшасы арқылы көліктің төрт дөңгелегін сатамын деп сеніміне кіріп, ақшасын алып, телефонын сөндіріп, хабарсыз кеткенін жазып көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 90 мың теңгені құрайды.
Аталған жайт ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктіні тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол 23 жастағы Шымкент қаласының жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы барын анықтауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.