Шымкентте құқық бұзушылыққа бейім 14 жасөспірім есепке алынды
Шымкентте құқық бұзушылыққа бейім 14 жасөспірім есепке алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шымкенттегі Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын тұрақты түрде өткізіп келеді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қала аумағында кәмелет жасына толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түнгі уақытта ата-анасының бақылауынсыз ойын-сауық орталығында жүрген балаларды анықтау.
Арнайы рейдтің екі тәулігінде кәмелет жасына толмағандарға қатысты 141 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 9 жасөспірім түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде болған, 108 бала заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген.
ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 9 ата-анамен жұмыстар жүргізілді.
Сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінің иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабымен (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) алты хаттама толтырылды.
Құқық бұзушылыққа бейім 14 жасөспірім және ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін 12 отбасы есепке алынды. Айта кетейік, қала көлемінде қолға алынған «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 қарашаға дейін жалғасады.