Қостанай облысында Италия азаматы елден шығарылды
Қостанай облысында Италия азаматы елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Көші-қон қызметі бөлімшелерінің негізгі міндеттерінің бірі – қос азаматтық фактілерін анықтау. Белгіленген мерзімде хабарламағаны және ел азаматтығын жоғалтқан адамдардың Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын пайдаланғаны үшін үлкен айыппұлдар салынып, жауапкершілікті қатаңдатқанына қарамастан, мұндай фактілер әлі де орын алып жатыр.
– Мысалы, қазан айында облыс орталығының аумағында көші-қон қызметкерлері 2017 жылдан бастап азаматтық саласындағы заңнаманы бұзған Италия азаматын анықтады, – деді Қостанай облысы ПД көші-қон қызметінің бастығы Қайрат Дүтпаев.
Қазақстан Республикасы азаматының шетел азаматтығын алу фактісі туралы белгіленген мерзімде хабарламауына байланысты осы жылдың 4 қарашасында Қостанай қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты Италия азаматын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарып жіберу түрінде жаза қолданумен әкімшілік жауаптылыққа тартты.
Өзге мемлекеттің азаматтығын алған сәттен бастап, күнтізбелік 30 күн ішінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарын, не шетелдік мекемелерін заң жүзінде хабардар етуі қажет. Биылғы жылдың 10 айында осындай құқық бұзушылықтар үшін 56 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 12-сіне Қазақстан Республикасының аумағына 5 жыл ішінде кіру құқығы шектетілді.