Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Қарағанды полициясында ерлік сағаты өтті
Қарағанды облысы Полиция департаментінің жауынгерлік және даңқ мұражайында өткен ерлік сағаты ерлікпен қаза тапқандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Біз қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан әріптестерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Олардың жасаған ерлігі, атқарған қызметі кейінгі буынға үлгі болуы тиіс. Сондықтан да бүгінгі іс-шараға жас қызметкерлер шақырылып, ерлік жасаған қызметкерлердің жасаған істерін үлгі етіп көрсетудеміз. Бұл жастардың патриоттық сезімін оятып, ертеңгі күні олар да елге адал қызмет етеді деген ойдамын, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Ибраев.
Мұражай директоры Айжамал Айтжанова жас қызметкерлерге іс-шараға арнайы шақырылған «Халықаралық полицейлер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, отставкадағы әділет полковнигі Ася Хегай, Ауған соғысының ардагерлері Талғат Хасенов және Қайрат Тылымбаевты, сондай-ақ 2003 жылы ерлікпен қаза тапқан әріптесіміз Алданыш Тайғожиннің анасы Камиля Тайғожина мен 1998 жылы қаза болған Рустам Мажитовтың серігі Виталий Сатановты таныстырды.
Топар кенттік полиция бөлімі қылмыстық іздестіру бөлімшесінің бастығы болған Алданыш Тайғожин жалғыз өзі үш қылмыскермен күресіп, кейін сол қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан. Күдіктілер ұсталып, ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылған.
– Бүгін Рустам Мажитовтың өмірден өткеніне 24 жыл. Осыдан 24 жыл бұрын, 11 қараша күні біз Жол полициясы басқармасында қызметке түсу үшін саптық таратылымнан шықтық. Кезекші бөлімге кіргенімізде Қарағанды қаласындағы қант орталығында қарақшылық шабуыл болғандығы туралы естідік. Рустам екеуіміз бірден Сұрыптау елдімекеніне қарай бет алдық. Сол жаққа бара жатқанымызда Майқұдықтан келе жатқан қылмыскерлер мінген автокөлікті байқадық. Достық көшесінің бойында олардың соңынан қуып жетіп, тоқтаттық. Рустам жолаушы отырған жаққа, ал мен көлік жүргізушісіне бардым. Бір кезде жолаушы Рустамға бірнеше оқ атып, кейін маған оқ жаудырды. Оқ менің аяғыма тиді, – деп бастан өткен оқиғасымен бөлісті Виталий Сатанов.
Аяғынан жараланған полиция қызмектері әріптесіне көмектеспекші болғанмен бірнеше оқ тиген Рустам Мажитов оқиға орнында қаза тапты. Бірнеше күн өткен соң қылмыскерлер қолға түсті.
– Полиция қызметкерлері сауатты, таңдаған мамандығына адал болу керек. Сонда ғана ел сенімін ақтап, туған-туыс сенімен мақтанатын болады, – деді жас мамандарға Виталий Сатанов.
Камила Тайғожина ерлікпен қаза тапқан ұлы жайындағы естелігімен бөліскенде көзіне жас алды.
– Алданыш балалардың алды еді. 1989 жылы әскер қатарына шақырылып, үш жыл Солтүстік флотта отан алдындағы борышын өткерді. 1992 жылы Қарағандының Жоғары милиция мектебіне оқуға түсті. Жақсы оқыды. Курс бастығы үнемі Алданышты мақтап отыратын. Оқуын бітірген соң ұлымды Абай аудандық ішкі істер басқармасына жіберді. Кейін Топар аудандық полиция бөлімінде қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы болды. Алданыш мені үнемі қасыма көшіріп аламын дейтін. 13 қыркүйек күні ол кезекшілікте болды. Кезекшіліктен кейін маған келемін деген. Кезекшілікте жүргенде оған белгісіз біреулердің гараждардың бірінде ұрлық жасап жатқаны туралы ақпарат түскен. Ұрлықты ашумен айналысып жүрген ұлым өзіне сеніп, қылмыс орнына жалғыз барған… Жас қызметкерлер сендердің қызметтеріңе тек жақсылық тілеймін. Қызметтеріңнің кәсіби шебер маманы болыңдар, – деді көзіне жас алған әріптесіміздің анасы Камила Тайғожина.
– Ешқашан ашумен шешім қабылдамаңыздар. Әр жасаған жұмыстарыңызды барынша ойлап, кәсіби түрде жасауларыңыз қажет. Қызметте адал, берген анттарыңызға берік болуларыңыз керек, – деді Ауған соғысы және Ішкі істер органдарының ардагері Талғат Хасенов.
– Бүгін біз ерлікпен қаза тауып, арамыздан ерте кеткен әріптестерімізді еске алып отырмыз. Ешкім де ешқашан ұмытылмайды. Біз олардың ерлігін ұлықтап, есімін ұмытпауымыз керек. Ал, жас қызметкерлер, сіздер осы ағаларыңыздың жасаған ерлігінен сабақ алып, қызметте абыройлы болуларыңыз керек, – деп ойымен бөлісті Ася Хегай.