20 млн теңгенің жүйрік атын ұрлап кеткен жылқышы қолға түсті
Түркістан облысында жылқышы иесінің құны 20 млн теңге болатын жүйрік атын ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның Ақбастау ауылы маңында орналасқан қорасынан көкпарға қатысатын айғыры белгісіз жағдайда жымқырылған. Сонымен қатар малдарын бағуға сеніп тапсырған жылқышысы да хабарсыз кеткен. Жәбірленуші өз сөзінде аталған жүйрік аттың бағасы базар нарығымен 20 млн теңге екенін көрсетті.
Бұл ақпаратты алған тәжірибелі тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, іздеуге кіріседі. Куәлардан жауап алып, жақын аумақтарды аралайды. Жол талғамайтын қызметтік көлікпен тау-тасты мұқият қарап шығады. Мал базарлары мен көліктер тексеріледі. Соның нәтижесінде полицейлер келесі күні таңертең Түлкібас ауданындағы мал базардан аталмыш жылқының сатылып тұрған жерінен табылады.
Анықталғандай, шымкенттік жылқышы, жас жігіт малды сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсамақ болған. Тәртіп сақшыларының тиянақты жұмысының арқасында жылқы заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда бұл дерек ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы толық анықталатын болады. Жылқының иесі сайрамдық тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді.