Түркістан облысында учаскелік полицей жүргізушіден марихуана тапты
Түркістан облысында учаскелік полицей жүргізушіден марихуана тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Ордабасы ауданының полицейлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу аясында есірткіні заңсыз сақтау дерегін анықтады.
Бадам ауылы көшелерінің бірінде ВАЗ-2109 автокөлігі тоқтатылды. Тексеру кезінде учаскелік инспекторлар жүргізушінің сырт киімінен есірткіге ұқсас заттары бар ораманы тапты. Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес, тәркілеп алынған зат жалпы салмағы 6,5 грамнан асатын марихуана болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы бойынша (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жалпы, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – көшелер мен қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау және жолын кесу.