Шымкентте мас халде көлік басқарған 134 жүргізуші анықталды
Шымкентте мас халде көлік басқарған 134 жүргізуші анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Қала аумағында жиырма бір тәулік ішінде 134 жүргізуші мас халде көлік басқарғаны анықталды.
Жүргізушілерге қатысты сараптама тағайындалып, қорытындысына сай олардың мас халде екендіктері белгілі болды.
Полиция қызметкерлері аталған жайттарды ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеуге алды.
Жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдау үшін қалалық сотқа жолданды. Осылайша спирттік ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген жүргізушілер сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.