Полицейлер қолында баласы бар жоғалған келіншекті іздеп тапты
Түркістан облысының полицейлері қолында баласы бар жоғалған келіншекті Шымкенттен тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі көмек сұрады. Ер адамның айтуынша, сағат 11:00 шамасында отбасылық жанжалға байланысты оның келіні мен немересі белгісіз бағытта үйден кетіп, қайтып оралмаған. Өз бетінше іздестіру нәтиже бермеген соң туыстары аудандық полиция бөліміне жүгінді.
Бұл фактіні тәртіп сақшылары дереу тіркеп, жоғалған келіншекті іздеуге кірісті. Жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден сұхбат алып, оның кетуі мүмкін барлық бағыттарды тексерді. Аудандық және қалалық полиция бөлімшелеріне бағдарлар жіберілді. Полицейлер тынымсыз күндіз-түні баласымен бірге жоғалған жас әйелді көрші мегаполистен де іздеді.
Нәтижесінде, екі тәуліктен кейін жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сауран АПБ-ның криминалдық полициясының қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен әйелді Шымкент қаласындағы қонақ үйлердің бірінен тапты. Табылған әйел мен оның қызын туыстарына аман-есен тапсырды.
– Менің қызым үйден хабар ошарсыз кетті. Сауран АПБ полицейлері жедел түрде екі күн ішінде менің қызымды тапты. Аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен полицейлеріне көп рақмет, – деп әйелдің анасы алғысын білдірді.