Алматыда жанармай құю бекетіне шабуыл жасаған күдіктілер анықталды
Алматыда жанармай құю бекетіне шабуыл жасаған күдіктілер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
100 мың теңге мен екі телефон қаскөйлердің олжасына айналды.
– Жанармай құю бекетіне жасалған қарақшылық шабуыл түнгі сағат екіде орын алды. Бетперде киген екі адам қолдарында шеге суырғыш және балтамен жанар-жағармай құю бекетіне кіріп, кассир мен күзетшіні артқы бөлмеге қамап, қызметкерлердің телефондары мен кассадағы ақшаны ұрлап кеткен. Шабуылдаушылардың барлық әрекеті бейнебақылау камераларына жазылып қалған. Күдіктілер сол күні анықталып, қамауға алынды. Бұл – 23 жастағы Т.есімді азамат және 22 жастағы М.есімді азамат. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді, – деді Медеу аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімінің бастығы Елнұр Құдретбаев.
Қаскөйлер – басқа жақтан келгендер. Олар Алматыға жұмысқа орналасу үшін келген, бірақ ақша табудың бұдан басқа оңай жолын ойлап таппаған. Шабуылдаушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция қызметкерлері олардың жеке басын бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріп жатыр.