СҚО-да полицияның Мәдени орталығы балаларға арнап қайырымдылық концертін өткізді
СҚО-да полицияның Мәдени орталығы балаларға арнап қайырымдылық концертін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлер балалар мен жасөспірімдерге арнап қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Погондағы әртістер Мағжан Жұмабаев ауданындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында болып қайтты.
Полиция қызметкерлері – Полудино ауылындағы орталықтың тұрақты қонақтары. Балалар оларды асыға күтеді. Сақшылар келген сайын балаларға қызықты және маңызды кездесулер өткізеді. Бұл жолы да балаларды қуантпақ болып аудандық полицейлер ғана емес, облыс орталығынан жаңа меймандар – ведомствоның Мәдени орталығының қатысушылары, Кадр саясаты басқармасының бастығы Абылғазы Ғабдуллин, әкімшілік полицияның Ардагерлер кеңесінің төрағасы Евгений Райтенбах келді.
Қайырымдылық концерті Балалар жылы мен Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Погондағы әртістер балалар мен ұстаздар қауымына мемлекеттік және орыс тілдеріндегі танымал эстарада хиттерін орындап берді.
Кездесу соңында жас көрермендерге сыйлықтар мен балмұздықтар үлестірілді. Биылғы жыл полиция қызметкерлері үшін ерекше. 23 маусым күні тәртіп сақшылары Қазақстан полициясының 30 жылдығын мерекеледі. Полиция департаменті жыл бойы көптеген іс-шараны қолға алды. Спорттық жарыстар, қайырымдылық, мәдени іс-шаралар облыс орталығында ғана емес, ауылды жерлерде де өткізілді. Полицейлердің қайырымдылық іс-шаралары жыл соңына дейін жалғасады.