Саран полицейлері үйсіз жүрген мүмкіндігі шектеулі жанды пансионатқа орналастырды
Саран полицейлері үйсіз жүрген мүмкіндігі шектеулі жанды пансионатқа орналастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 желтоқсан күні Қарағанды облысы Саран қаласындағы шағын аудандардың біріндегі дүкендердің жанынан учаскелік полиция инспекторы Еркін Түгелбаев 52 жастағы азаматты тауып алған. Полиция қызметкері онымен сөйлесу барысында азаматтың аяғы және қолының саусақтары жоқ бірінші топтағы мүгедек жан екенін білді.
Белгілі болғандай, далада отырған азаматты үш күн бұрын Саран қаласына белгісіз бір азаматша алып келіп, дүкеннің жанына отырғызып кеткен. Сөйтіп, мүмкіндігі шектеулі азамат далада қалған. Оқиғаны оңды шешу үшін полиция қызметкерлері бірден іске кірісті.
Еркін Түгелбаев Саран қалалық Полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Шоқан Қозжановпен далада қалған азаматты Ақтас кентіндегі «Намыс» пансионатына орналастырды. Азамат өміріне бей-жай қарамаған тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.