Шымкент полицейлері жоғалған жасөспірімді тауып, туыстарына табыстады
Шымкент полицейлері жоғалған жасөспірімді тауып, туыстарына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 жастағы жасөспірім кешкі уақытта мектептен шығып, үйіне қайтар жолда адасып кетіп, белгісіз бағытта жоғалып кеткен. Бұл туралы ағасы сол күні сағат 22:00-де Жедел басқару орталығының «102» сымтетігіне хабарлаған.
Аталған жайт бойынша патрульдік полиция полкінің қызметкерлері лезде іздестіру шараларын ұйымдастырып, сол аумақтағы ойын алаңдары мен көшелерді аралады. Полиция қызметкерлерінің баланы жұмыла іздеуінің нәтижесінде екі сағаттан кейін Алматы тасжолының бойынан табылды.
Жасөспірімнің ағасы полицейлердің жедел әрекетіне тәнті болып, алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Осы орайда Шымкент қаласының Полиция департаменті тұрғындардан балаларды қараусыз, назардан тыс қалдырмауларын сұрайды.