Түркістан облысында 17 көлік айыптұраққа қойылды
Түркістан облысында «Борышкер» іс-шарасы барысында 17 көлік айыптұраққа қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6-11 желтоқсан аралығында Түркістан облысының аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі қаулылардың орындалуын бақылауды қамтамасыз ету және төленбеген айыппұлдар бойынша борышкерлерді анықтау жұмысын жандандыру.
Іс-шара кезінде полиция мен сот орындаушыларынан 37 мобильді топ құрылды, олар борышкерлердің көлігін тоқтатып, төленбеген әкімшілік айыппұлдарының бар-жоғын тексеріп жатыр.
Нәтижесінде «Борышкер» шарасының алғашқы тәулігінде полицейлер 738 әкімшілік хаттама толтырып, айыппұлын төлемеген 17 жүргізушінің көлігін анықтап, айыптұраққа қойды.
Учаскелік полиция инспекторлары төленбеген әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу бойынша 957 ұйғарым жіберді.
– Түркістан облысы ПД басшылығының тапсырмасы бойынша облыс орталығы мен аудандарда «Борышкер» іс-шарасы өткізіледі. Іс-шараға полиция мен сот орындаушылары, сондай-ақ «Автоураган» жылжымалы кешендері мен «Қорғау» жүйесі тартылған. Олар деректер базасы бойынша көлік ағынында әкімшілік айыппұл төлеуден жалтарған адамдарды анықтауға көмектеседі, – деді Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков.