Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер министрі Абай облысы тұрғындарының сауалдарына жауап берді

Абай облысы – ІІМ басшысының тұрғындармен кездесуі өткен сегізінші өңір, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Ішкі істер министрі аймақтағы жұмыс сапарын Семей қалалық полиция басқармасына барудан бастады.

Айта кету керек, төрт қабатты ғимарат 1971 жылы салынған және сол уақыттан бері күрделі жөндеуден өтпеген, бүгінде толық жаңартуды қажет етеді. Мұнда бұрын тек орталық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеген болса, ал қазір олардың қатарына қалалық басқарманың қызметкерлері қосылған.

Ғимараттың жай-күйімен ведомство басшысымен қатар ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Сәлімжанұлы да танысты. Өзгертуді талап ететін дүниелерге назар аударып, аталмыш мәселенің өзектілігін атап өтті.

Министр өңір тұрғындарымен де кездесті. Жиналған қауымға криминогендік ахуал туралы ақпарат беріп, ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы хабарлады.

– Еліміздегі криминогендік жағдай тұрақты және ұдайы бақылауда. Биыл 143 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Қоғамдық орындарда (-7%), көшелерде (-11%), мас күйде (-11%), отбасылық тұрмыстық жағдайда (-6%) жасалған қылмыстар азайды. Абай облысы бойынша жағдай ұқсас. Осы өңірге барлық қылмыстардың 3%-ы тиесілі (123 536-дан 3 624). Жыл басынан бері ол 6%-ға азайды. Оның ішінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, алаяқтық, мал ұрлығы, бұзақылық сынды қылмыс түрлері бар, – деді ІІМ басшысы.

Марат Ахметжановтың айтуынша, жалпы өңірде тіркелген қылмыстардың 75%-ы Семейге, 6%-ы Аягөз ауданына тиесілі. Негізінен облыстың барлық ауданында қылмыс деңгейі төмендеген. Кездесуде ведомство басшысы басқа да маңызды мәселелерге тоқталды.

Жиын еркін, ашық, сұрақ-жауап форматында өтті. Тұрғындар сауалдарын қойып, мардымды жауаптарын алды.

Сауалдармен қатар алғыс сөздер де айтылды. Өңір тұрғындарының бірі жергілікті тәртіп сақшыларының қызметіне ризашылығын білдіріп, министрге жылы лебізін жеткізді.

– 26 қараша күні Абай ауданында қатты дауыл тұрып, боран болды. Сол күні мал бағатын ағам қыстақтан шығып кетіп, адасып қалған. Біз оны таба алмадық. Сосын 102 арнасына қоңырау соғып, полицияға жүгіндік. Полиция қызметкерлері ағамызды тауып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді. Оларға айтар алғысым шексіз, – деді Қарауыл ауылының тұрғыны Еркебұлан Сағындықов.

Жиыннан соң жеке қабылдау өтті. Еліміздің бас полицейі проблемалық сұрақпен жүгінгендерді тыңдап, қызмет басшыларына тапсырмалар берді. Бұл мәселелердің шешімін табуы қатаң бақылауда. Жалпы жеке қабылдауға онға жуық адам кірді.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де назардан тыс қалмады. Жергілікті журналистер Абай облысына байланысты түрлі мәселелерді көтеріп, өз сауалдарына жауап алды.

Ішкі істер министрінің жаңа облысқа жасаған жұмыс сапары Полиция департаментінде жеке құраммен кездесумен аяқталды. Марат Ахметжанов кеткен кемшіліктерді саралап, әріптестеріне ең алдымен профилактиканы күшейтуді тапсырды.

Шара соңында мінсіз қызметімен көзге түскен алты қызметкер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен және арнайы грамотамен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру