Атырау облысында аудандық полицияның жаңа ғимараты ашылды
Қызылқоға ауданындағы қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларына заманауи талаптарға сай қажеттіліктермен қамтамасыз етілген жаңа ғимарат салтанатты түрде ашылып, лентасы қиылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шараға Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев пен Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұқанов, аудандағы ішкі істер органдарының ардагерлері, жергілікті тұрғындар мен полиция бөлімінің жеке құрамы қатысты.
– Бүгінгі заман талабына сай салынған ғимараттың ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Полицейлердің қызметіне оң ықпал етуге жақсы жабдықталған жұмыс орнының да септігі тиетіні анық. Полицияның алдында тұрған басты мақсат пен міндет – халыққа адал әрі абыройлы қызмет ету. Полицияның сервистік моделін енгізуде, сондай-ақ «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету барысында нәтижелі жұмыс атқару күн тәртібінде тұрған мәселе. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне тұрғындардың алғысына бөленуді тілеймін, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.
Қызылқоға ауданы полиция бөлімінің жаңа ғимараты толықтай техникамен жабдықталған. Полицейлердің физикалық дайындығын қамтамасыз ету үшін спорт алаңы және атыс қаруын қолдану дайындығын шыңдау үшін тир де пайдалануға берілді.
Айта кетейік, ғимараттың ашылу салтанатынан соң Департамент бастығы тұрғындар мен аудан полицейлерімен кездесу өткізіп, бөлімнің азаматтарды қабылдау кеңсесінде тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.