ШҚО тұрғыны жылқыларды іздеуге шығып, жоғалып кеткен
ШҚО тұрғыны жылқыларды іздеуге шығып, жоғалып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 желтоқсанға қараған түні тәртіп сақшылары ШҚО ТЖД және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жоғалған жігітті іздеуді ұйымдастырған. Сағат 19:40-та Зайсан ауданы полиция бөлімінің «102» жедел арнасына Жалшы ауылының 21 жастағы тұрғынының жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Мүмкін ол боранның кесірінен үйіне жете алмай қалған. Жігіт таңертең Шілікті ауылдық округі бойынша жылқыларды іздеуге аттанғаны белгілі болды.
Іздеу жұмыстарына полиция, құтқарушылар мен Зайсан ауданы әкімдігінің қызметкерлері жұмылдырылған, олар боранға қарамастан адасқан жігітті іздестірген. 6 сағаттық бірлескен жұмыс нәтижесінде түнгі сағат бірде жас жігіт Сарытұмсық учаскесінде аман-есен табылған.
ШҚО ПД осындай ауа райы жағдайында абай болуды және ТЖД-дан ескертулер болып жатқанда елді мекендерден шықпау керек екендігін естеріңізге салады. Табылған жас жігіттің ата-анасы құқық қорғау органдарына және барлық көмек көрсеткендерге ұлын іздеуге ықпал еткендері үшін үлкен алғысын білдірді.