Атырау облысының тұрғыны 67 жасында алғаш рет жеке куәлік алды
Атырау облысының тұрғыны 67 жасында алғаш рет жеке куәлік алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылының 67 жастағы тұрғыны ұзақ уақыт бойына белгілі себептерге байланысты жеке басын куәландыратын жеке куәліксіз жүрген. Аталған оқиға бойынша Қызылқоға ауданының көші-қон полиция бөлімшесінің қызметкерлері жұмыс барысында жедел әркет етіп, 67 жастағы азаматшаның жеке басын анықтай отырып, заңға сәйкес тиісті құжаттар тізбесін жинақтап, жеке басын куәландыратын құжаттарын рәсімдеу арқылы жеке куәлігін дайындап, табыстады.
– Белгілі бір себептерге байланысты жеке куәлік алуға мүмкіндігім болмады. Тәртіп сақшыларының өз құзіреті шегінде атқарған қызметінің арқасында Қазақстанның азаматы екенімді растайтын жеке куәлікті алғаныма қуанып отырмын. Олар бірден мені тіркеуге алып, жедел түрде аз уақыт ішінде жеке куәлігімді дайындап берді. Қызылқоға аудандық көші-қон полицейлеріне айтар алғысым шексіз, – деп тұрғын ризашылығын айтып, ыстық ықыласын білдірді.
Аталған азаматша зейнеткерлік жаста болса да, осы уақытқа дейін зейнетақы да алмай келген. Аудандық полицейлердің дайындауға жәрдемдескен жеке куәлігімен құзырлы органдарға барып, зейнетке шығу құжаттарын тапсырды.