Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорда тұрғынынан аңшы мылтығы тәркіленді

Елорда тұрғынынан аңшы мылтығы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде Ойыл көшесінде кешкі уақытта 28 жастағы ер адам анықталды. Оны тексеру кезінде пакеттен атыс қаруына ұқсас зат табылды. Маманның қорытындысына сәйкес, тәркіленген қару 16 калибрлі ИЖ-К аңшылық мылтығының оқпаны мен қорын қысқарту арқылы қолдан жасалған тегіс ұңғылы атыс қаруы екені расталды. Мылтық оқ атуға жарамды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Елорда аумағында 12 желтоқсаннан бастап «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл іс-шараның мақсаты – тиісті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алу, жолын кесу.

Іс-шара басталғаннан бері елордада 109 қылмыс тіркелді, оның 16-сы қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған. Барлығы бір тәулікте 76 қылмыс ашылып, 18 іздеудегі қылмыскер ұсталды.

Сонымен қатар «Құқықтық тәртіп» аясында екі мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, олардың арасында ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болуы сынды құқық бұзушылықтар тіркелген.

Учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үй алаптарын аралап, 5 700-ден астам жалға берілетін пәтерді, 426 қараусыз қалған үйді және 2200 саяжай құрылысын тексерді. Ішкі істер органдарында есепте тұрған 2158 адамды, оның ішінде 76 қолайсыз отбасын тексеру жүзеге асырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру