Шымкентте сұлулық салонынан ұрлық жасаған жамбылдық ұсталды
Шымкентте сұлулық салонынан ұрлық жасаған жамбылдық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби АПБ-ға жергілікті жердің тұрғыны ұрлық туралы арызданған. Әйелдің айтуынша, Шымкент қаласы аумағындағы өзіне тиесілі жеке сұлулық салонына белгісіз тұлға кіріп, кассада тұрған 300 мың теңге мен сөмке ішінде болған 300 мың теңгенің алтын бұйымдарын ұрлап кеткен.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті азаматты Жамбыл облысы аумағынан қолға түсірді. Ол Жамбыл облысының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті жұмыссыз, бұрын-соңды сотты болмаған.
Тергеу барысында ұсталған азамат заңсыз әрекетке қаражаттан қысылғандықтан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді.
Қазіргі уақытта күдіктінің алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені анықталды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.