Алаяқ ШҚО-ның екі тұрғынына жүргізуші куәлігін алып беруге уәде берген
Алаяқ ШҚО-ның екі тұрғынына жүргізуші куәлігін алып беруге уәде берген, – деп хабарлайды Polisia.kz
Өскемен қаласы ПБ Үлбі полиция бөліміне 22 және 44 жастағы Шемонаиха ауданының екі тұрғыны өтінішпен жүгінген.
Жәбірленушілердің айтуынша, бейтаныс адам жүргізуші куәлігін алуға көмектесуге уәде беріп, оларды алдап кеткен.
Ер адам құжаттарды ресімдеп беремін деп олардың бірінен 155 мың теңге, ал екіншісінен 590 мың теңге сомасын алып үлгерген.
Оның берген уәдесін күтпей, аудан тұрғындары полицияға жүгінген. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні ұстаған. Ол 35 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны болып шыққан.
Бұл дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелген. Тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта оған қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, онда ол екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасына кесілетін болады.