Түркістанда полицей талмасы ұстап қалған 2 жасар балаға алғашқы көмек көрсетті
Түркістанда полицей талмасы ұстап қалған 2 жасар балаға алғашқы көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Ерік Ақмолдаев денесі құрысып, талып қалған кішкентай балаға алғашқы көмек көрсетіп, анасының алғысын алды.
Нақтырақ айтсақ, С.Ерубаев көшесінде күнделікті өзіне жүктелген жұмысын атқарып тұрған полицейдің жанына белгісіз әйел келіп, ұлының аяқасты ауырып, талып қалғанын айтып көмектесуін сұрайды. Мұны естіген полицей шұғыл әрекет етіп, баланы сол маңдағы дүкенге жылы жерге кіргізеді.
– Мен ол сәтте бәрін қойып, кішкентай баланың аман қалуын ойладым. Бірден ыңғайлы орын іздеп, қасымызда тұрған дүкенге көтеріп кіргіздім. Қолымнан келгенін жасап жатырмын. Сол сәтте жаныма өзін медбикемін деп таныстырған әйел келді. Содан екеулеп отырып, балаға алғашқы көмек бердік. Яғни, мен ұл баланың денесін ұстап, жағын ашып тұрдым, ал көмекке келген тұрғын тілін жұтып қоймас үшін қасықпен тартып алып, жағдайды жақсартты. Содан жедел жәрдем баланы анасымен мінгізіп жібердік, – деп атап өтті оқиға жайлы полицей.
– Полицей менің баламды өлімнен құтқарып қалды. Үлкен алғысымды айтамын. Мұндай азаматтар қандай марапатқа болсын лайық, осындай азаматтарымыз көп болсын. Жұмысы алға баса берсін, – деп баланың анасы өз ризашылығын білдірді.
Қазіргі таңда бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал полицей Ерік болса, оның хал-жағдайын біліп, жеміс-жидек, тәттілерін апарып берді.