Түркістан облысында былтыр заңсыз айналымнан 1,4 тоннадан астам есірткі тәркіленді
Түркістан облысының полицейлері өткен жылы заңсыз айналымнан 1,4 тоннадан астам есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылы Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен 225 дерек пен есірткіге қатысты 249 теріс қылық тіркелді. Оның ішінде есірткі контрабандасы – 100, есірткі сату – 29 және тағы басқа да жайттар анықталған. Заңсыз айналымнан 1,4 тоннадан астам есірткі тәркіленіп алынған. Сонымен қатар облыс сақшылары үй, аялдамалар мен ғимараттардың қабырғаларына QR адресін көрсете отырып трафарет граффити жазбаларын жазу арқылы есірткі заттарын жарнамалау, насихаттау бойынша 3 деректі анықтады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауында синтетикалық есірткілермен күреске баса назар аударып, нақты тапсырмалар берген. Осыған байланысты облыстық полиция қызметкерлерімен синтетикалық есірткілерді таратумен айналысып жүргендерді анықтау, жолын кесу бағытында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Мәселен, 2022 жылы осындай деректерге қатысты облыс аумағында синтетикалық есірткілерді жасырып-сатумен айналысып жүрген Шымкент қаласының 4 тұрғыны құрықталды. Олардан жалпы 250 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Жалпы, синтетикалық есірткімен байланысты 11 дерек анықталған.
Қылмыспен күресудің ең тиімді тәсілі – профилактикалық жұмыстар. Осыған орай полиция қызметкерлерімен орта, арнайы орта және ЖОО студент жастары мен оқушылар арасында есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруда қарқынды жұмыс жүргізілген. Есірткі қылмыстарының жауапкершілігі, есірткінің адам ағзасына зияндығы, дәріханалық нашақорлық және тағы басқа тақырыптарда облысымыздың басқа да ведомство өкілдерімен бірге 40 мыңға тарта адам қатысқан 145 профилактикалық іс-шара өткізілген.