Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынды аман алып қалды

Түркістан облысының полицейлері өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынды аман алып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы аудандық полиция бөліміне түнгі сағат 21:30 шамасында жергілікті тұрғын шағымданды. Әйел өз арызында ішімдік ішкен күйеуі мазасын алып, жанжал шығарып жатқанын, көмек керек екенін жеткізеді. Ақпарат алысымен сол аймаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторы Нұрислам Сырманұлы тағылымдамадан өтуші, қатардағы полицей Жолдас Оразханмен бірге тез арада оқиға орнына жетті.

Полицейлер келгенде хабарласқан әйел күйеуі шығып кеткенін жеткізді. Оқиғаның мән-жайын анықтамақ болған тәртіп сақшылары оның күйеуін іздестіре бастады. Ауланы түгел қарап тексерген олар сарайдың ішінде жіпке асылып, өзіне қол жұмсауға оқталып тұрған ер адамды көреді. Осы сәтте полицейлер уақыт жоғалтпай, шұғыл әрекет етеді.

Содан учаскелік полиция инспекторы Нұрислам өзіне қол салмақ болған ер адамды сөзге айналдырып тұрып, жанына ақырындап жақындап, оның денесінен қапсыра құшақтап, жоғары көтереді. Полицейлердің қасында тұрған әйелі пышақ әкеліп, жіпті кесіп, тұрғынды аман-есен құтқарып қалады. Осылайша, тәртіп сақшысы өзінің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында адам өмірін сақтап қалды. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлерді шақыртты.

Қазіргі таңда ер адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Одан әрі ерлі-зайыпты полицияға жеткізіліп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал әйел тәртіп сақшыларына алғысын айтты. Қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін тұрмыстық оқиға ордабасылық полиция қызметкерінің жедел әрекеттері арқасында оң шешімін тауып, ер адам аман қалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру