СҚО полиция департаментінде өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқаазақстандық полицейлер жедел кеңес барысында 2022 жылды қорытындылап, 2023 жылға арналған басымдықтарды талқылады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі криминогендік жағдай тұрақты. Бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықтардың өсуі байқалады: маскүнемдік салдарынан жасалған тұрмыстық құқық бұзушылықтар, алаяқтық, бопсалау. Облыс жолдарындағы апаттар саны артып, қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны өскен.
Жедел-қызметтік жұмыстың негізгі тұстары, кемшіліктері мен биылғы жылға арналған жоспарлар туралы егжей-тегжейлі СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев хабардар етті. Полиция бөліністеріндегі тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйі туралы СҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Арман Атанов баяндады.
СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов облыстың бірқатар аудандарында қылмыстың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ қала сыртындағы жолдарда, атап айтқанда Тайынша, Жамбыл, Есіл және облыстың басқа да аудандарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен ескерту туралы айтылды.
Бұдан бөлек, Әкімшілік полиция басқармасына аудандық полиция бөлімдерімен бірлесіп әр ауданда жолаушылар мен жүк көліктерін жылыту орындарын және қолайсыз ауа-райы кезінде жүргізушілер мен жолаушыларды орналастыру, жылыту орындарын белгілеу тапсырылды.
Жедел кеңес соңында жеке құрамға ішкі істер министрлігі Алқа жиналысының негізгі талаптары жеткізілді; есірткі қылмыстарына, интернет-алаяқтықтарға, тұрмыстық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстардың басым бағыттары белгіленді.