Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл полицейлері көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізушіні анықтады

Жамбыл полицейлері көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарының алдын алу мақсатында мас жүргізушілерді анықтау бойынша тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Мәселен, 20 қаңтарда сағат 00:40 шамасында Қаратау қаласының орталық көшелерінің бірінде патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 34 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы BMW 750 автокөлігін тоқтатты. Көлік ішіндегі жүргізуші мен жолаушыдан ішімдіктің иісі байқалған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес. екеуінің де «жеңіл дәреждегі» мас күйде болғаны расталды.

Көлік иесі әйел азаматша екені және ол басқаруды жанындағы мас танысына бергені анықталды. Осы құқық бұзушылық үшін 36 жастағы әйел ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) жауапқа тартылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері көлік басқарған 34 жастағы ер адамның 2020 жылдың ақпанында сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылғандығын анықтады. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.

Жамбыл облысының полиция департаменті көлікті масаң күйде басқарған жүргізушілер туралы «102» пультіне қоңырау шалу немесе Instagram желісіндегі «zhambyl_police» ресми парақшасының жеке хабарлама бөліміне жазу арқылы ақпарат беруге болатындығын ескертеді. Барлық келіп түскен мәліметтер бойынша полиция қызметкерлері тиісті шараларды қабылдайтын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру