Астанада жөргек ұрлаумен айналысқан жігіт ұсталды
Астанада жөргек ұрлаумен айналысқан жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға тұрмыстық тауар дүкендері желісінен көптеген ұрлық жасалғаны туралы бірнеше хабарлама келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданының полиция қызметкерлері сериялық ұрлық жасады деген күдікпен 19 жастағы астаналықты анықтады. Бейнекамералар жас жігіттің жасаған ұрлықтарын түсіріп алған.
Сонымен күндізгі уақытта жас жігіт дүкенге кіріп, жөргектерді, балалар тағамы мен ұстара станоктарына арналған кассеталарды еш кедергісіз ұрлаған. Жігіт ұрланған тауарды кездейсоқ адамдарға сатып, түскен қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Қазіргі уақытта барлық фактілерге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жас жігітке қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Оның елорда аумағында осыған ұқсас үш қылмысқа қатысы бар екені анықталды.