Полицейлер 90 жастағы қария мен мүмкіндігі шектеулі жанның құжатын жаңартуға көмектесті
Түркістан облысының полицейлері 90 жастағы қария мен мүмкіндігі шектеулі жанның құжатын жаңартуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері зейнет жасындағы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, одан бөлек көпбалалы аналарды құжаттандыру мақсатындағы жұмыстарды қарқынды жүргізіп келеді. Тіпті аталмыш мобильді топ бұндай тұрғындардың мекенжайларына арнайы барып, қызмет көрсетеді.
Мысалы, Сайрам ауданының көші-қон қызметі бөліміне жергілікті тұрғын электронды үкімет порталы арқылы өтініш тастап, 90 жастағы қарияның құжаттарын рәсімдеп беруді сұраған. Тұрғынның айтуынша, қарияның мүмкіндігі шектеулі, жүріп-тұруы қиын болғандықтан, жеке куәлігін ауыстырмаған. Ақпарат алған көші-қон қызметінің полицейлері ауданның қарт тұрғыны Гулистан Мухитдинованың құжаттарын рәсімдеп, дайын құжатын ақ жаулықты ананың үйіне апарып, жеке куәлігін табыстады. Ал құжаты жаңартылған қария көмек көрсеткен полицейлерге риза болып, алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Созақ ауданының да тәртіп сақшылары мүмкіндігі шектеулі тұрғынның құжатын рәсімдеп, үйіне дейін жеткізіп берді. Нақтырақ айтсақ, көші-қон қызметі тобының инспекторы Назым Мадиомар Қарақұр ауылының тұрғыны Роза Малбағарованың жарамдылық мерзімі өткен құжатын жаңартқан. Жағдайын ескеріп, құжатын үйіне дейін жеткізіп берген полицейлерге І-топ мүгедегі шынайы алғысын білдірді.