Алматыда ерлі-зайыптылар жаңа туған сәбиін 2 млн теңгеге сатпақ болған
Алматыда ерлі-зайыптылар жаңа туған сәбиін 2 млн теңгеге сатпақ болған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алмалы ауданында арнайы іс-шараны ҰҚҚКБ жедел уәкілдері мен полицияның арнайы жасақ қызметкерлері бірлесіп жүргізді.
Үйлестіруді Алматы қаласының прокуратурасы жүзеге асырды.
– 1998 жылы туған Б. есімді әйел мен оның күйеуі 1991 жылы туған Б. есімді азамат ұсталды. Бірнеше сағат бұрын әйел перзентханадан шыққан. Олар сол жерден бірден мәміле жасауға кеткен. Олар ұлын 2 млн теңгеге бағалаған. Айта кету керек, ерлі-зайыптылар туылмаған бала үшін «әлеуетті ата-ананы» алдын ала іздеген. Жаңа туған нәрестені сатудан түскен ақша айыпталушыларды ұстау кезінде тәркіленді.
Іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 135 бабы 2 бөлігі (Кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша тіркелген қылмыстық іс материалдарына қосылды.
Қылмыстық іс аясында жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деді, Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.
Бұл ерлі-зайыптылардың екі баласы бар екендігі анықталды. Олар ауыр қылмыс бойынша өз кінәларын толықтай мойындады.