Қарағанды облысының полицейлері ұрлық қылмысына қатысы бар күдіктілерді ұстады
Астанадан келіп ұрлық жасап жүрген ұрыларды Қарағанды облысының полицейлері қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 наурыз күні сағат 13.00 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Жаңа – Майқұдық полиция бөліміне Восток-2 ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде күдік тудырған азаматтар жүргені туралы ақпарат түсті.
Оқиға орынына сол жерге жақын маңда қызмет етіп жүрген қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция наряды мен жедел тергеу тобы жіберілді. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» дәлізден шығып қашпақшы болған екі азаматты ұстады. Олардың 28 бен 35 жастағы Астана қаласының тұрғындары екені анықталды. Ұсталғандарды тексеру барысында олардан байланыс құралы, есік ашу құралдары, газ баллоны және алтын бұйымдар тәркіленді.
Белгілі болғандай, күдіктілер 52 жастағы азаматшаның үйіне ұрлыққа түспекші болған, алайда өздерінің ісі күдік тудырғаннан кейін жымысқы ойларын жүзеге асыра алмаған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері барысында күдіктілердің Қарағанды қаласында жасалған тағы да екі ұрлыққа қатысы бары анықталды. Олар есік ашу құралын пайдаланып, жәбірленушілердің үйіне кіріп, алтын бұйымдар ұрлаған. Шығын көлемі 560 мың теңгені құраған. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.